• Home
  • Company Blog
  • Atasu адамдары. Компаниямен бірге өскен 12 жыл

Atasu адамдары. Компаниямен бірге өскен 12 жыл

Atasu адамдары. Компаниямен бірге өскен 12 жыл

Арман Бердібайұлы, Atasu Group құрамындағы компаниялардың бірінің бас бухгалтері

Бүгінде Atasu Group бухгалтерінің бір жұмыс күні Қазақстандағы салық мәселелерінен басталып, вагондарға арналған қосалқы бөлшектерді кедендік рәсімдеумен аяқталуы мүмкін. Оның арасында шот-фактуралар мен табельдер, халықаралық тасымалдар, басшылыққа арналған есептер, бірнеше елдің заңнамасындағы өзгерістер секілді сан түрлі міндет бар.

Арман Бердібайұлы компанияда 2014 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бірақ оның Atasu-дағы алғашқы жұмыс күндері мүлде басқаша болатын.

Ол кезде таңғы жұмыс электрондық поштаны тексеруден және мәліметтерді қолмен енгізуден басталатын. Сегіз-он менеджер шот дайындау үшін Excel кестелерін жіберетін. Әрқайсысынан бес-алты файлдан келіп, бір күнде қырық, кейде алпысқа дейін шот жиналатын.

Әр шоттағы мәліметті жеке қарап, 1С жүйесіне қолмен енгізіп, төлем шотын, актіні, шот-фактураны дайындап, қайтадан менеджерге жіберу қажет еді. Содан кейін келесі құжатқа көшу керек болатын.

Мұның бәрі көп уақыт алатын. Менеджерлер күтетін, клиенттер қоңырау шалатын. Ал Арман күндік жұмысты аяқтау үшін кейде жұмыс уақытынан кейін де қалып жүретін.

Он екі жыл бұрын бухгалтериядағы жұмыс осылай ұйымдастырылған еді.

Содан бері тек жұмыс форматы мен міндеттер ғана емес, компанияның өзі де айтарлықтай өзгерді. Арман осы өзгерістердің барлығына куә болды.

Бүгінде Atasu Group-та 2 000-нан астам адам еңбек етеді. Компания халықаралық бағыттарды белсенді дамытып келеді. Бас кеңсе Алматыда орналасқан, ал өкілдіктер Қытайдың Циндао және Үрімші қалаларында, Ташкентте, Сеулде, Дубайда және Мәскеуде жұмыс істейді.

Бұл желі Қытайды, Азия мен ТМД елдерін, БАӘ, Түркия және Еуропамен байланыстырады. Кезінде Арманды Atasu-ға алып келген де дәл осы халықаралық ауқым болатын.

Компания өскен сайын ішкі жұмыс үдерістері де өзгерді. Операциялар, келісімшарттар мен төлемдер саны артты, жаңа талаптар мен міндеттер пайда болды. Бір уақытта бұрынғы жұмыс тәсілдері өсіп келе жатқан көлемге сәйкес келмейтіні анық байқалды.

«Бұлай жалғастыра беруге болмайтынын түсіндік».

Сол кезеңдегі маңызды қадамдардың бірі — жұмыс үдерістерін автоматтандыру болды.

1С жүйесін жетілдіруге компанияның бухгалтерлері мен бағдарламашылары бірлесіп кірісті. Бұл жұмысқа Арман да белсенді қатысты.

Команда қолданыстағы үдерістерді талдап, жүйені біртіндеп жетілдірді. Кейін менеджерлер де 1С жүйесімен тікелей жұмыс істей бастады. Соның арқасында қажетті мәліметтер жүйеге бірден енгізіліп, электрондық пошта арқылы келген ақпаратты қайтадан қолмен теру қажеттілігі азайды.

Бұрын таңертеңгі қырық-алпыс шоттан басталатын жұмыс біртіндеп артта қалды.

Күнделікті қайталанатын міндеттер азайды, құжаттарды өңдеу жылдамдады. Ал бухгалтерлердің тексеруге, бақылауға және талдауға көбірек уақыты пайда болды.

«Мұнда бәрі бір-бірімен байланысты. Сондықтан үнемі есептеп, саралап отыру керек».

Жұмыс жеңілдеген жоқ. Оның сипаты өзгерді.

Есеп-қисап, салық, халықаралық тасымал, сатып алу, бірнеше елдің заңнамасындағы өзгерістер — мұның бәрі күн сайын бухгалтерияда тоғысады және аса жоғары дәлдікті талап етеді.

Ал автоматтандыру мамандарға дәл осы маңызды мәселелерге көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік берді.

Atasu-ға 2014 жылы келген Арман бұл жерден бастапқыда күткенінен де көп нәрсе тапты.

Ол кәсіби тәжірибе жинап қана қоймай, компанияның үлкен даму жолын өз көзімен көрді. География кеңейді, жаңа бағыттар ашылды, міндеттер күрделене түсті. Сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер де пайда болды.

Арманның тарихы — компаниямен бірге өскен адамның тарихы.

Ол Atasu-дың қалай өзгергенін көрді, жаңа міндеттерге бейімделді және жұмыс үдерістерін жетілдіруге өзі де үлес қосты.

Atasu Group-пен бірге оның тарихын жасайтын адамдар да осылай өседі.

«Компаниямызды Қазақстанда ғана емес, әлемде де танығанын қалаймын. Ең бастысы — оның артында өз ісін бағалайтын, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын адамдар тұрса екен».