• Басты
  • Жаңалықтар
  • Жасыл бағытқа бетбұру: Қазақстанның ірі холдингі логистика саласын қалай жаңғыртып жатыр

Жасыл бағытқа бетбұру: Қазақстанның ірі холдингі логистика саласын қалай жаңғыртып жатыр

Қазақстандағы алғашқы гибридті локомотив, электрлі ауыр жүк көліктері паркі және күн энергиясын пайдаланатын терминалдар — Atasu Group экологиялық жаңғыртуға бағытталған үш ірі жобаны қатар жүзеге асырып жатыр.

Бұл бастама 2021 жылы жүргізілген тәуелсіз ESG-аудиттен басталды. Бүгінде ол компанияның ұзақ мерзімді даму стратегиясының маңызды бөлігіне айналды.

Бағдарлама неден басталды?

Қазір әлемдік логистика саласы үлкен өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Энергия құнының өсуі, экологиялық талаптардың күшеюі, халықаралық клиенттердің климаттық бастамалары, сондай-ақ инвесторлар мен банктердің ESG талаптары компанияларды жұмыс тәсілдерін қайта қарауға мәжбүрлеуде.

Бұрын саладағы негізгі өлшемдер тасымалдың жылдамдығы мен құны болса, бүгінде Maersk, DP World және DHL секілді ірі операторлар ESG бағдарламаларына және экологиялық инфрақұрылымға белсенді инвестиция салып жатыр. Әсіресе көміртек ізін азайтуға ерекше мән берілуде.

Қазақстанның жетекші көлік-логистика компанияларының бірі Atasu Group үшін бұл жай ғана әлемдік үрдіске ілесу емес. Бұл — алдағы жылдардағы бәсекеге қабілеттілікті сақтаудың маңызды шарты.

Компания өңірде алғашқылардың бірі болып тәуелсіз сарапшыларды тартып, ESG талаптарына сай даму бағдарламасын әзірледі. Оның Environmental, яғни экологиялық бағыты көміртек ізін азайтуды көздейді.

Қазіргі таңда осы бағыт бойынша үш ірі жоба іске асырылып жатыр.

Қазақстан логистикасындағы экологиялық көлік

Atasu Group дизель отынымен жүретін жүк автокөліктерін кезең-кезеңімен электр қуатына көшіру бағдарламасын әзірледі.

Қазір компания отандық және шетелдік автомобиль холдингтерімен электрлі ауыр жүк көліктерін өндіру жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр.

Алғашқы кезеңде 50 электрлі жүк көлігін жеткізу жоспарланған. Кейін олардың саны 100-ге, одан әрі 350-ге дейін ұлғайтылады. Алғашқы көліктер 2026 жылдың соңына дейін бағыттарға шығуы тиіс.

Алайда бұл бастама тек техника сатып алумен шектелмейді. Компанияның ұстанымы бойынша, мұндай көліктер Қазақстанда өндірілуі керек.

Atasu Group отандық автоөнеркәсіппен бірлесе отырып, өндірушілерді электрлі жүк көліктерін әзірлеуге инвестиция салуға және оларға қызмет көрсететін сервистік инфрақұрылым құруға ынталандыруды көздейді.

Басқа көлік компаниялары бұл үлгінің тиімділігін көрген кезде, олар да осы бағытқа бет бұруы мүмкін. Осылайша жеке бастама бүкіл саланың дамуына серпін береді.

Сонымен қатар компания терминалдардағы тиеу және қайта тиеу техникасын да электр қуатына көшіріп жатыр.

Осы уақытқа дейін Atasu Group терминалдарында дизель отынымен жұмыс істейтін 20-ға жуық контейнер тиегіш пен ричстакер пайдаланылды. Бір жыл ішінде ричстакерлердің 50 пайызын электр қуатына көшіру жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, 2025–2026 жылдары компания электр қуатымен жұмыс істейтін, жүк көтергіштігі 50 тонна болатын төрт спредерлі порталды кран сатып алып, пайдалануға берді.

Нәтижесінде жүктерді өңдеу жылдамдығы артып, пайдалану шығындары мен зиянды шығарындылар азаяды.

Қазақстандағы алғашқы гибридті локомотив

2025 жылдың қазан айында Atasu Group локомотивтер паркін жаңарту бағдарламасын бастады.

Бағдарлама аясында компанияға тиесілі локомотивтердің бірі дизельді жүйеден дизель-электрлі гибридке қайта жабдықтауға жіберілді.

Компания 2026 жылдың соңына дейін Қазақстандағы алғашқы гибридті локомотивті пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Ол Достықтағы терминалда жұмыс істейді.

Гибридті жүйеге көшу төрт маңызды нәтиже береді: отын шығыны 50 пайызға дейін азаяды, техниканың бос тұрып қалу уақыты қысқарады, энергия шығыны төмендейді және жүктерді өңдеу жылдамдығы артады.

Алдағы уақытта компанияның барлық меншікті локомотивін кезең-кезеңімен жаңарту жоспарланған.

Алғашқы жобаның сәтті жүзеге асуы келесі кезеңге — технологияны Қазақстанға енгізуге жол ашады.

Бұл тәжірибе халықаралық инвесторлар мен даму институттарының да қызығушылығын тудырып отыр. Салада жаңа тәжірибе қалыптастыратын мұндай бастамалар Қазақстанға сыртқы қаржыландыру тартуға мүмкіндік береді.

Энергия үнемдейтін терминалдар: сыртқы желіден өз энергиясына дейін

Atasu Group терминалдық инфрақұрылымды екі бағытта қатар дамытып жатыр: қолданыстағы нысандарды жаңартып, болашақ терминалдарды жобалау кезінде жаңа технологиялық және экологиялық қағидаларды енгізуде.

Қазіргі инфрақұрылымда жүктерді орналастыру мен сақтауды басқаратын жасанды интеллект жүйелері, энергия тұтынуды бақылайтын датчиктер, ақылды жарықтандыру және микроклиматты автоматты түрде реттеу жүйелері енгізіліп жатыр.

Бұл шешімдер толық көлемде жүзеге асырылатын алғашқы нысан — Бурундайда жобаланып жатқан жалпы аумағы 40 мың шаршы метр болатын А+ санатындағы қоймалар.

Күн панельдерін ғимараттардың тек шатырына ғана емес, сыртқы қабырғаларына да орнату көзделген.

Соның арқасында терминалдың энергияға деген қажеттілігінің бір бөлігі күн қуаты есебінен өтеледі. Бұл — сарқылатын ресурстарға тәуелділікті азайтып, жаңартылатын энергия көздеріне көшудің маңызды қадамы.

Шығын мен нәтиже: жаңғырту қалай тиімділікке айналады?

Көлік, крандар паркі, локомотивтер мен терминалдарды жаңарту ауқымды инвестицияны және ұзақ мерзімді жоспарлауды талап етеді.

Бұл жобалардың ешқайсысы бірден өзін ақтамайды. Бірақ мұндағы басты ұстаным басқа: уақыт өте келе әрекетсіздіктің құны жаңғыртуға жұмсалатын қаражаттан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.

Электрлі және гибридті көлік отын шығынын ондаған пайызға азайтады. Күн энергиясын өндіру сыртқы электр желілеріне тәуелділікті төмендетіп, тарифтердің өсуінен қорғайды.

Терминалдардағы ақылды басқару жүйелері шығынды азайтып, жүктерді өңдеу жылдамдығын арттырады.

Жалпы алғанда, бұл тек көміртек ізін азайту емес, компанияның бүкіл жұмыс жүйесін тиімді әрі тұрақты етуге бағытталған өзгеріс.

Atasu Group заманауи инфрақұрылымның өздігінен пайда болуын күтпейді — оны өзі қалыптастырады.

Қазақстандағы алғашқы гибридті локомотив, отандық өндірістегі электрлі жүк көліктері және күн энергиясын пайдаланатын терминалдар — қағаз жүзіндегі жоспар емес, іс жүзінде жүзеге асырылып жатқан шешімдер.

Кейін бұл тәжірибені бүкіл сала мен мемлекет деңгейінде кеңінен қолдануға болады. Бұл жобалардың мәні тек техниканы жаңартумен шектелмейді. Бизнестің көмір мен мұнайға шексіз арқа сүйейтін кезеңі аяқталып келеді. Сондықтан жабдықпен бірге көзқарас та өзгеруі керек.

Atasu Group ресурстарды үнемдеу мен жаңартылатын энергияны пайдалануды жұмыстың әр бағыты үшін қалыпты қағидаға айналдыратын жаңа мәдениет қалыптастырып жатыр. Жаңа кранды бірнеше айда орнатуға болады. Ал жаңа мәдениетті қалыптастыруға жылдар қажет.

Сондықтан бұл жұмысты бүгіннен бастау маңызды