Atasu Group пен ҚХР Нанкин қаласының Халық үкіметі халықаралық логистика, сауда және астық өңдеу бағыттарындағы жобаларды бірлесіп іске асыру үшін тұрақты ынтымақтастық механизмін құруға келісті. Келіссөздер 23 маусымда өтті. Atasu Group делегациясын компанияның президенті Марат Жакупов бастап барды.
Кездесу барысында Қытай — Еуропа бағыты бойынша халықаралық теміржол тасымалдарын дамыту, трансшекаралық логистикалық дәліздерді жетілдіру, шетелдегі қойма инфрақұрылымын кеңейту, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.
Нанкин — Цзянсу провинциясының әкімшілік орталығы және Қытайдағы ірі көлік-логистикалық орталықтардың бірі. Қытай — Еуропа бағыты бойынша қатынайтын контейнерлік пойыздар Нанкинді 15 елдегі 70-тен астам қаламен байланыстырады. Ал «Қытай — Орталық Азия» сауда ынтымақтастығы платформасының дамуы Қазақстанмен бірлескен жобаларға жаңа мүмкіндік ашып отыр.
Келіссөздерде контейнерлік тасымалдарды дамыту, астық саласында толық өндірістік-логистикалық цикл қалыптастыру және шетелде қойма кешендерін салу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жұмыстың нақты бағыттарын белгіледі.

Сапар аясында Atasu Group делегациясы China CAMC Engineering компаниясына және кәсіпорындардың шетелдік нарықтарға шығуын қолдау орталығына барды. Кездесулерде Орталық Азия нарығындағы ынтымақтастық перспективалары, қойма инфрақұрылымын дамыту, астық өңдеу, интеллектуалды логистикалық шешімдерді енгізу, 3D-басып шығару технологиялары, сондай-ақ қытайлық компаниялардың сыртқы нарықтарға шығуын сүйемелдеу мәселелері қаралды.
Atasu Group делегациясының сапары өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аударды. Нанкин телеарнасы компания туралы сюжетті жаңалықтар шығарылымына қосты.
Бұл кездесу 10 маусымда Алматыда басталған диалогтың жалғасы болды. Сол кезде Нанкин үкіметінің өкілдері Atasu Group басшылығымен алғаш рет кездескен еді. Тараптар өзара ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға ниетті.