• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстан Каспийдегі позициясын нығайтуда: жеке бизнес инфрақұрылымға 25 млрд теңге инвестиция салады

Қазақстан Каспийдегі позициясын нығайтуда: жеке бизнес инфрақұрылымға 25 млрд теңге инвестиция салады

Atasu Group және Lancaster Group компанияларының Құрықтағы «Ерсай» портында 25 млрд теңгеге салып жатқан жаңа контейнерлік терминалы.

Соңғы бес жылда Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымал көлемі алты есе өсті. Қазақстан Каспий теңізіндегі порт инфрақұрылымын мақсатты түрде дамытып келеді. Бүгінде бұл жұмысқа жеке капитал да белсенді түрде қосылуда. Atasu Group пен Lancaster Group «Ерсай» портында 25 млрд теңге көлеміндегі жеке инвестиция есебінен жаңа терминал салуда.

Картадағы стратегиялық маңызы бар нүкте

«Ерсай» порты екі негізгі халықаралық көлік дәлізінің түйіскен жерінде орналасқан. Транскаспий халықаралық көлік бағыты — Орта дәліз — Қытайды Қазақстан, Әзербайжан және Түркия арқылы Еуропамен байланыстырады. Ал «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі Ресей мен Иранға, одан әрі Үнді мұхитына шығуға мүмкіндік береді.

Каспий теңізіндегі жаңа терминал Ақтау және Құрық порттарының қолданыстағы қуаттарын толықтырып, жүк ағындарын қайта бөлуге мүмкіндік береді. Бұл қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтып, қазақстандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Не салынып жатыр?

Жоба жеті айлағының жалпы ұзындығы 1300 метрді құрайтын, жеке акваториясы мен кірме каналы бар «Ерсай» теңіз портының аумағында жүзеге асырылуда. Бұл нысандар жыл бойы кеме қатынасын қамтамасыз етіп, шөгу тереңдігі 5 метрден асатын кемелердің қауіпсіз кіруіне мүмкіндік береді.

Аумағы 500 000 шаршы метр болатын контейнерлік терминал бірінші кезеңде жылына 120 000 ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент) контейнер өңдеуге есептелген. Арнайы бөлінген екі айлақ дедвейті 12 000 тоннаға дейінгі кемелерді қабылдай алады.

Теміржол инфрақұрылымы да ауқымды: портішілік теміржол жолдарының ұзындығы — 10 км. Сонымен қатар Маңғышлақ – Боржақты – Құрық магистралінде жүк станциясы орналасқан. Нысан бір мезгілде 350-ден астам вагонды өңдей алады. Бұл экспорттық және транзиттік бағыттар бойынша жеделдетілген контейнерлік пойыздарға тікелей шығуға мүмкіндік береді.

Ауыр жүктерді өңдеу мүмкіндіктерін де ерекше атап өткен жөн. «Ерсай» өңірдегі салмағы 1000 тоннаға дейінгі габариттен тыс жүктерді қабылдай алатын жалғыз порт болып қала береді. Мұнда 100-ден астам арнайы техника бірлігі және тиісті жүк көтерімділігі бар крандар бар.

Терминалды басқару жүк ағындарын интеллектуалды жоспарлау және кеден органдарымен толық интеграциялау мүмкіндіктері бар TOS жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

Жоба энергия тиімділігі мен көміртек ізін азайтуға басымдық беретін Green Port стандарты бойынша іске асырылуда.

Ұлттық міндетті шешуге бағытталған жеке инвестициялар

Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту — мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі. Бұл бағытқа ерекше назар аударылып келеді. Президент халықаралық логистикадағы ел позициясын нығайту үшін Орта дәліздің стратегиялық маңызын бірнеше рет атап өткен.

«Ерсай» портындағы жаңа терминал осы стратегияның бір бөлігіне айналмақ. Жеке бизнес жалпы ел экономикасына қызмет ететін инфрақұрылымға инвестиция салып отыр. Жоба көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттырып, өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға және Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы логистикалық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

«Терминалдың іске қосылуы Қазақстанның Транскаспий бағыты мен Солтүстік – Оңтүстік дәлізі бойынша транзиттік мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді. Бұл еліміздің Каспийдегі негізгі логистикалық хаб ретіндегі рөлін нығайтады», — дейді Atasu Group негізін қалаушы Марат Жұман.

Транзит көлемін жоғары қарқынмен арттыра алатынын дәлелдеген Қазақстан үшін жаңа терминал — осы бағыттағы тағы бір маңызды қадам. Жоба жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылғанымен, оның нәтижесі бүкіл елдің мүддесіне қызмет етеді.