Жаңалықтар

Atasu Group негізін қалаушы Халықаралық этноспорт форумына қатысты

Atasu Group негізін қалаушы әрі Дүниежүзілік ат үстіндегі күрес, Аударыспақ федерациясының президенті Марат Жұман VIII Халықаралық этноспорт форумына қатысып, Аударыспақты Ethnosports 2027 бағдарламасына енгізудің маңыздылығын атап өтті.

3–5 сәуір күндері Анталия қаласында VIII Халықаралық этноспорт форумы өтті. Аталған форумға 29 елдің өкілдері, 15-тен астам спорт және мәдениет министрлері, федерация жетекшілері, ғалымдар мен спортшылар қатысты.

Atasu Group негізін қалаушы әрі Дүниежүзілік ат үстіндегі күрес — Аударыспақ федерациясының президенті Марат Жұман форум жұмысына қатысып, ат үстіндегі күрестіEthnosports 2027 алғашқы халықаралық этноойындарының бағдарламасына енгізудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Ат үстіндегі күрес Аударыспақ — тек аймақтық ойын емес, ол ғасырлар бойы қалыптасқан тарихы бар және ондаған елдерде танымал спорт түрі. Бұл мұраны сақтап қана қоймай, оны келесі ұрпаққа жеткізу аса маңызды», — деді Марат Жұман.

Ethnosports 2027 дәстүрлі спорт түрлерін бірыңғай халықаралық стандарттар негізінде біріктіретін алғашқы жаһандық алаң болмақ. Аударыспақты осы ойындардың бағдарламасына енгізу жаңа мүмкіндіктерге жол ашады: халықаралық серіктестіктерді дамыту, аудиторияны кеңейту және бұл спорт түрі дамып жатқан елдер тарапынан қолдау алу.

Анталияда өткен форумның үш күні ішінде нақты келісімдерге қол жеткізіліп, ат спорты дәстүрлері дамыған елдердің өкілдерімен келіссөздер жүргізілді. Форум халықаралық қауымдастық тарапынан этноспортқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетті және жаңа ойындардың ілгерілету стратегиясы, қаржыландыру модельдері мен стандарттарын талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.