7 қыркүйекте Atasu Group негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының «Аударыспақ» федерациясының президенті Марат Жуман Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысы бойынша ұлттық құрама спортшыларымен және жаттықтырушылар штабымен кездесті.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақстандық спортшылар алты салмақ дәрежесінде сынға түсіп, төрт алтын, бір күміс және бір қола медаль иеленді. Марат Қожаханұлы команданы жоғары нәтижемен жеке құттықтап, бапкерлердің еңбегін атап өтті және спортшыларға жетістіктері үшін ақшалай сыйақы табыстады.




Марат Жұман Федерацияны 2023 жылдың ақпан айынан бастап басқарып келеді. Сол жылдың шілде айында Қазақстанның бастамасымен Алматыда осы спорт түрі бойынша алғашқы Дүниежүзілік конгресс өтті. Оған тоғыз елдің делегациясы қатысты. Конгресс аясында штаб-пәтері Алматы қаласында орналасқан Дүниежүзілік ат үстіндегі күрес федерациясы құрылып, бірыңғай халықаралық жарыс ережелері қабылданды.
Содан бері аударыспаққа қызығушылық танытатын елдердің қатары артып, ұлттық спорт түрінің халықаралық деңгейдегі ауқымы кеңейіп келеді.
Қазақстан құрамасының бұл нәтижесі — спортшылардың, бапкерлердің және Федерация командасының бірлескен еңбегінің жемісі. Соңғы жылдары спортшыларды жүйелі даярлаудан бастап, аударыспақты халықаралық деңгейде насихаттауға дейінгі жұмыстар кешенді түрде жүргізіліп келеді.








